Миллионер Шахмұрат Мүтәліп пен миллиардер Айдын Рахымбаевтың компаниялары Атыраудағы құны 84,3 млрд теңгені құрайтын ең ірі келісімшартқа таласып жатыр. Бұл туралы PROTENGE телеграм-арнасы жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Әңгіме «Атырау» арнайы экономикалық аймағы үшін инфрақұрылымды жобалау және салу жобасы жөнінде болып отыр. Мұнда өндіріс көлемі 410 млрд теңгені құрайтын 70 компания орналасуға тиіс. Алайда алдымен мемлекет инвестиция тартуға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуі керек.
Ең қызығы, 84,3 млрд теңге – 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жарияланған ең қымбат конкурс. Өтініштер 3 маусымға дейін қабылданды.
Оған екі өтініш берілген. Бірі – «Integra Construction KZ» ЖШС. Бұл компанияның атауы Қазақстандағы ең жас миллионерлердің бірі саналатын Шахмұрат Мүтәліппен байланысты. Forbes Kazakhstan оның байлығын 482 млн долларға бағалаған. Басылымның мәліметінше, «Мүтәліп жеке өзі және Management & Construction Ltd. компаниясы арқылы Integra Construction KZ құрылыс компаниясына иелік етеді».
Екіншісі – «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Бұл компания (екі басқа компания арқылы) BI Group және Айдын Рахымбаевпен байланысты. Global Forbes бағалауы бойынша, оның байлығы 1 млрд доллардан асып кеткен.
Әзірге екі компанияның да өтініштері қаралу сатысында.