Соңғы үш жылда Тараз қаласында қоғамдық көліктер айтарлықтай жаңартылып, жаңа автобустар мен маршруттардың саны екі есеге өсті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, Тараз қаласын дамытуға арналған үш жылдық Жол картасы аясында жыл сайын 70 бірлік қоғамдық көлік сатып алу қарастырылған. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, ал ағымдағы жылдың басынан бері 81 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 10 автобус алу жоспарлануда.
Бүгінде қалада 8 тасымалдаушы компания жұмыс істейді, олар 45 жолаушылар маршрутын қамтамасыз етеді.
«Қоғамдық көліктердің жалпы саны 330-дан 502 автобусқа дейін артты. Қолданыстағы маршруттарға қосымша 13 жаңа бағыт енгізіліп, олардың жалпы саны 45-ке жетті. Жоспарда тағы 5 жаңа бағытты іске қосу бар. Қазірдің өзінде №3, 50, 62 және №37 бағыттары іске қосылып, Байзақ және Жамбыл аудандарының елді мекендеріндегі көлік мәселелерін шешуге мүмкіндік берді», – дейді Бақытжан Орынбеков.
Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының шығындарын өтеуге арналған қаржыландыру (субсидия) көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылы – 3,5 млрд теңге, 2024 жылы – 5,3 млрд теңге, ал биыл 7,6 млрд теңге бөлінген. Субсидия көлемінің артуы нәтижесінде үш жылда тасымалданған жолаушылар саны 36,5 пайызға немесе 14,4 миллион адамға көбейді.
Сондай-ақ жыл сайын 40 жаңа автобус аялдамасын орнату көзделген болатын. Алайда жоспар артығымен орындалып, 2023 жылы – 42, 2024 жылы – 79, ал ағымдағы жылы 75 аялдама қойылды.