Исламтанушы Асқар Сабдин терроризм мен экстремизм баптары бойынша сотталған азаматтардың басым бөлігімен әңгімелескенін айтады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Мысалы, «Жусан» операциясымен елімізге қайтарылған көптеген ер және әйел азаматтармен кездесіп, кейбіріне жүйелі түрде сабақ бердім. Айталық, Атырау қаласында орналасқан әйелдерге арналған түзеу мекемесінде сотталған азаматтарға Skype арқылы бір жыл бойы сабақ жүргіздім. Атырауға барған кезде аталған мекемеге барып, олардың жағдайларын сұрап тұрамын.
Сол секілді Ақтөбеде 2016 жылы теракт жасаған жастардың барлығымен кездестім. Олардың ішінде қазіргі таңда өмірден өткен азаматтар да бар. Себебі олар түзеу мекемелерінде өздеріне қол жұмсаған. Бір сөзбен айтқанда, теракт жасаған азаматтардың барлығымен кездесіп, әңгімелестім.
Сонымен қатар діни алауыздықты қоздыру бабы бойынша қамалып жатқан діни лидерлермен де жолықтым. Олармен сөйлесудегі ең басты мақсатымыз – радикалдарды қоғамға бейімдеу, қоғамға қарсы агрессияны азайту және қазіргі қоғамды жоққа шығармауға шақыру. Себебі олардың санасы тек өткен шақпен өмір сүреді. Қазіргі уақытты олар қабылдамайды. Қазіргі қоғамдағы адамдардың діндарлығы оларға ұнамайды.
Жалпы, олар қоғамға қанағаттанбайды, қоғамда болып жатқан көптеген нәрсені жоққа шығарады. Мемлекеттің заңын – тағут, әкімшілік басқару жүйесін – тағут, мешіттегі имамдарды бидағатшы, адасқан деп санайды. Барлығы адасқан, бәрі жаман, бәрі кәпір деген сеніммен қазіргі қоғамды қабылдамайды.
Сол себепті біз оларды қазіргі қоғаммен татуластыруға тырысамыз», – дейді исламтанушы.