Alashorda.kz ақпараттық агенттігі оқырман қауымға Шерхан Мұртазаның Қаратай Тұрысов жайлы жүрекжарды естеліктерін ұсынады.
Соғыстан соң үш жыл өткеннен кейін, 1948 жылы Тараз қаласында Жамбыл орта мектебінің жанынан жүз балалық интернат-пансионат ашылды.
Интернат түсініктірек. Ал пансионат дегенді көпшілік біле бермесе керек. Мен ауылға барғанда көп ағайын:
— Ол не? — деп сұраушы еді.
Сөйтсе интернат-пансионат өзі оқытады, жатын орынды өзі береді, өзі тамақтандырады, өзі киіндіреді...
Былайша айтқанда, өз туған үйін сияқты. Бірақ қазынаның үйі. Соғыстан сансыраған мемлекет, біздің сол кездегі Шаяхметов, Ондасынов сынды азаматтар басқаратын республика елдің болашағын терең ойласа керек, оқу орындарын қамқорлыққа алған ғой.
Сонымен не керек, күні кеше ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай жүдеген-жадау өскен жетімек-жеткіншектер, құдай жарылқап, қазақ үкіметінің арқасында жаман атқа жал біткендей жайнап-жадырап шыға келдік.
Сегізінші сыныптағы ең кішіміз Қаратай деген әлжуаз, мұрнын қайта-қайта тарта беретін бала еді.
Ал сол ең кішіміз ә дегеннен бәрімізден мықты болып шыға келсін.
Әсіресе алгебра, геометрия, тригонометрия дейтін сабақтардан алдына жан салмады-ау, азамат!
Рас, арамызда бұл аталған пәндерден басқа озғандар да бар еді. Ергеш Есімов, Әбдуәлі Данаев сияқты басқалары.
Бірақ Қаратайдың жөні бөлек.
Аталған пәндердің мұғалімі Хабибат Әбубәкіровна Әджиева деген апайымыз еді. Ұлты — қарашай.
Соғыс жылдарында Сталиннің бұйрығымен Кавказдан Қазақстанға жер аударылған қарашай, малқарлардың әулетінен.
Апайымыз жұмыс кезінде қатал көрінетін. Бірақ көзінен мейірім шуаты төгіліп тұратын кездер де болатын. Әсіресе Қаратайды тақтаға шығарғанда...
Жүдеу тартқан ашан жүзі біртүрлі нұрланып, шырайланып шыға келер еді.
Сүйетін мұғалімдердің тағы біреуі Аргуния дейтін апайымыз еді. Физикадан сабақ беретін. Өте келбетті, жүріс-тұрысында ақсүйектер нәсілінің белгісі білініп тұрар еді.
Біздің Қаратайымызды осы Аргуния апайымыз да жақсы көрді.
Сол апайымыздың ықыласына бәріміз қызығамыз, бірақ физиканы Қаратайдай жақсы біле бермегендіктен, бекзат апайдың назарына іліге бермейміз.
Сөйтсек… ол кезде қайдан білейік, ол атақты заңгер, “халық жауы” Жақып Ақбайдың қызы екен ғой...
Біздің сыныпта қала маңындағы ауылдан қатынап оқитын Манап деген бала бар еді. Көзі кекшілдеу ме, қалай.
Сол Манапты хан қызындай апайымыз Аргуния тақтаға шақырады.
Манап дарға асылатын адамдай басы салбырап, қара тақтаға әрең жетіп, мелшиеді де қалады.
Апай бір формуланы жаза қой дейді.
Манап саусағымен тақтаны шұқылап, көзі мелмиіп үн-түнсіз тұрып алады.
Сонда апай:
— Өй, бозкөз, отыр! — дейді.
Манап ажал аузынан қайтқандай жымиып, орнына барып отырады.
Кейін-кейін Аргуния апайды Алматыда көрдім-ау, ұмытпасам, ҚазПИ-де сабақ беріп жүргенде екен. Бұл енді “халық жауларының” ақталып, олардың жан-жаққа шашырап кеткен ең жақын адамдарының Алматыда тұруға рұқсат алған кезі болуы керек.
Сонымен не керек, бір күні интернат-пансионатымызға қарны жуан, жүндес есек мінген, жаздың күні басына қазандай бөрік киген, сақал-шашы қасына дейін құдай аппақ, еңселі, ірі денелі кісі келді.
Ауламызға цирк келгендей бөлмемізден атып-атып шықтық. Әлгі әулиедей кісі:
— Ей, айналайындар, Қаратай деген баланы білесіңдер ме? Білсендер, шақырып жіберіңдерші, — деді.
Қаратайдан сүйінші сұрайтындай тұра жүгірдік.
Сөйтсек, Қаратай сол күні асханада кезекші екен. Картоп тазалатып қойыпты.
Қаратай мұрнын бір тартып қойып, атасына жүгіріп келді. Атасы айналып-толғанып жатыр.
Ала қоржынынан бір қалта жүгері талқан алып берді.
— Апам қант қосқан, — деп қойды.
Қаратай:
— Тамақ тоқ, қой, неге әкелдің, — деп жатыр.
Содан соң атасы түйе жүн шекпенінің қойнына қолын салып жіберіп, күлтіреген тотықұс қауырсынындай бір кепка алып шығып, Қаратайдың басынан түсіп қалмасын дегендей, маңдайына дейін баса кигізіп қойды.
Сегіз сайлы, түрлі-түсті кепка екен. Ой, қызыққанымыз-ай!
Атасының көзінше ешкім тимеген жоқ, ал атасы жүндес есегімен қақпадан қалай шығып кетті, солай:
— Бере тұршы, бере тұршы! — деп
Қаратайға біреуі жалынып, біреуі әлімжеттік жасап, жармасып жатыр.
Ақыры сол кепкеге бола кейінірек қырғын төбелес шықты.
***
Біздің мектебіміз орталықта, Пушкин көшесінде. Ал интернат көк базардың желкесінде, үлкен арықтың бойында. Бұрынғы бай саудагер сарттың әулі-жайы. Сол айналасы биік дуалмен қоршалған бұрынғы байдың үйінде жүз балалық интернат-пансионат, жүз балалық РУ (ремесленное училище) орналасқан.
Интернат бөлмелері қорғанның теріс жағында. Ал РУ бөлмелері көшеге шығар қақпаның қос қапталында.
Сондықтан да мектепке барарда, мектептен қайтарда ұдайы топтанып, кейде тіпті сапқа тұрып, солдаттарша жүреміз.
Сондықтан бізге жол-жөнекей өзбек мектебінің балалары да, РУ-дың бұзық балалары да тиісе алмайды.
Бізді мектепке дейін шығарып салушы тәрбиешіміз – Мүсілім Қонақович дейтін пысықай кісі.
Мектепке баратын, қайтатын екі жол бар. Біреуі – өзбек мектебінің жанынан жанай өтіп, Әулиеата мешітінің тұсынан шығу. Екінші жол – көк базарды кесіп өту.
Хош деп қойыңыз. Сонда бұл схеманың не қажеті бар? Қажеті сол: бір күні Қаратай топтан бөлініп, әлдебір себеппен интернатқа жалғыз қайтқан ғой.
Дәл сол сәтті бүкіл РУ аңдып жүргендей, Қаратай ішке қарай өте бергенде қақпаның қапталынан РУ балалары шыға келіп, бас салып, Қаратайдың басындағы серілер киетін сегіз сайлы әдемі кепкені жұлып алып, бөлмелеріне қашып кеткен.
Қайран Қарекем бізге жылап келмей ме. Сол кепке жалғыз Қаратайдың мүлкі емес, жалпы интернаттың жалауындай қымбат жәдігер сияқты еді. Одан айрылу жаудан жеңіліп, қасиетті тудан айырылу, бетіне күйе жағып масқара болу, бүкіл Тараздағы жалғыз қазақ мектебін жерге қаратып, ұлттың сағын сындыру сияқты өте ауыр күнә.
Деп қазіргі кездің биігінен қарағанда, бұл пайымдау сірә сөз сияқты көрінуі мүмкін.
Ал сол қырықыншы жылдардың соңғы кезеңінде, шамамен алғанда, бұл намыстың ұшар басында тұрған мәселе.
Не керек, сонымен Қаратайдың кепкесі үшін алапат «соғысқа» қызу дайындық басталып кетті.
РУ-да қару-жарақ көп. Олар – темірмен жұмыс істейтін болашақ ұсталар.
Ал бізде таяқ та жоқ. Бірақ балалар амалын тауып, өз төсектерінің (койканың) темір шабақтарын суырып-суырып алып, сонымен қаруланды.
Бір қолдағы саусақтар жеке-жеке тұрғанды быт-быт сына берер. Ал жұдырық болып түйілсе...
Жарықтық, Бәйдібек бабамыз батада:
«Бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болыңдар!» – дейді екен.
Тас-түйін болып РУ-ға қарай ұмтылдық.
Олар да қамсыз емес екен. Қолдарына балға, темір қылыштар ұстап, қарама-қарсы шыға келді.
— Кепкені қайтарыңдар! – дейміз біз.
— Әлің жетсе аларсың! – дейді олар.
Қырғын төбелес басталып та кетті.
Сонда темір сайманмен ұрды-ау деймін, менің сол құлағым шыңылдап қоя берді.
Тас төбемнен де соқты білем, сипап көрсем қаны сорғалап тұр екен...
Не керек, ақыры әлгі сегіз сайлы, түрлі-түсті кепкені алпамсадай бір орыс жігіті бөлмеден алып шығып, бізге қарай лақтырып жіберді. Одан әрі арада болған хикаяларды айтып жату ұзақ әңгіме. Бұл іске облыс басшыларына дейін араласып, ақыры РУ-ды басқа жаққа көшіріп жіберіпті.
***
Сол Қаратай мектепті медальмен бітірді. Ергеш Есімов, Әбдуәлі Данаев та медаль алды.
Оқу бітірер алдында бір топ баланы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров деген кісі кеңсесіне шақырып алып, енді қайда баратынымызды сұрады. Ақыры бізге:
«Тынық мұхит әскери-теңіз флотының училищесіне барасыңдар», – деп бағыт сілтеді.
Бірақ, сол оқуға түсу үшін медициналық комиссиядан өту керек екен. Содан бәріміз де өтпей қалдық.
Менің сол құлағымның жартысы жыртылған болып шықты. (Сірә, РУ «соғысының» зардабы).
Қаратайды бойы кішкентай деді ме, әйтеуір ол да өтпей қалды.
Оның есесіне ол Мәскеудегі геология институтына баратын болды. Әшімжан Құрманов дейтін озық оқушы ол да сол оқуға барады екен. Әбдуәлі Данаев пен Ергеш Есімов Ленинград темір жол институтына түсетін болды.
— Е, мен сендерден қаламын ба, – деп мен тәуекел деп Москва полиграфия институтына түсбекші болдым. Оқу бітіргендердің көпшілігі Алматыға кетті.
***
Москваға жүретіндердің көбі кетіп қалды. Әлдекандай себептермен Қаратай, мен – Шерхан және Шота Уәлиханов үшеуіміз келесі күнгі пойызға міндік.
Жол-жөнекей Түркібас деген стансадан бір-бір сетка алма сатып алдық. Қайран қасиетті Түркібас, бір шелек асыл алманы бір-екі сомға бере салды. Сөйтсе, ол алма Ресей жеріне өте бере алтындай қымбат болады екен ғой, оны біз қайдан білейік.
Ақыры Жайықтан өтіп, Волга деп аталатын Қайран да Қайран Еділге жетіп, одан өтіп келесі стансаға келіп тоқтағанда, үшінші полкада теріс қарап жатып алатын Шота алмасы бар тор дорбаны көтеріп, вокзалға шығып кеткен.
Пойыз әлі біраз тұратынын білген соң, біз де перронға түсіп, вокзалға жақындасақ, өзіміздің Шота даладағы буфетте капуста сорпаны сорып отыр. Дорбасы бос.
— Оу, дорбадағы алманың бәрін демде жеп қойғансың ба? – дейміз Қаратай екеуіміз.
— Жоқ, сатып жібердім, – дейді Шота.
Сөйте бұл жақта алма қымбат екен.
— Мына орыстар алма көрмеген бе, «сат, сат» деп қоймаған соң сата салдым, – деп ыржиіп күліп қояды Шотаекем.
Сөйте, сөйте Москваға да жеттік-ау.
Шаһарға кіре-беріс, ығы-жығы, кілең бір қоймалар, қоралар... қоршау көрінеді. Сөйтсе, ол жан-жақтан, ұлан-байтақ СССР-дің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан дүние-мүлік екен ғой.
Әңгіменің қызығы сол, студент атанған соң мен осы қоймаларда келіп жұмыс істедім ғой... Ол жайында кейінірек...
Қазан вокзалы! Қайран Қазан вокзалы, мұнда кімдер келіп, кімдер кетпеген. Кейінірек Алматыда Әнуар Ипмағамбетов деген кісінің әңгімесінен естігем бар.
— Жиырмасыншы жылдардың аяғы еді, осы мен, жанымда Димаш бар. Қазан вокзалына жетіп, енді қайда барарымызды білмей, залда отырып қалсақ, қасымызға құндыз жағалы пальто, бастарына құндыз бөрік киген кісілер келіп, біздің қазақ екенімізді көріп:
— Қайда барасыңдар? – деп сұрады.
Біз оқуға келгенімізді айттық.
Олар бізді машиналарына мінгізіп, не керек, оқуға түсуімізге көмектескен ғой.
Сөйтсек, біреуі Совнарком бастығының орынбасары Тұрар Рысқұлов, енді бірі жоғарғы кеңестің хатшысы Нығмет Нұрмаков екен, – деп Әнуар аға темекісін тартып күрсінген.
— Бір қызығы, – деп қойды сонда Әнуар аға, – Димаш қымбат металдар институтына түскен жерінен оқудан шығып кете жаздаған. Елден арыз түсіпті, байдың баласы деп. Сонда Тұрар Рысқұлов институттың бастығына телефон соғып:
— Тиіспеңдер, Дінмұхамед Қонаев ешқашанда да байдың баласы емес, - деп арашалап қалады ғой….
***
Қазан вокзалында бізді ешкім күтіп алған жоқ. Метроға түстік. Кезекті поездға келіп, мен вагонға кіргенде есік жабылды да, Қаратай перронда көзі бақырайып қала берді. Сонымен бөлек-бөлек кеттік.
Мен түскен институттың жатақханасы Москвадан тыс, басқа бір Бабушкино деген қалада екен. Ярославль тарабындағы Лосино-Островная деген стансаға дейін электр поезы жүреді.
Сабақ қиын. Мені баспа редакторы факультетінің орнына полиграфия машиналарының оқуы деген технология факультетіне отырғызып қойды. Ал Қаратай мен Әшімжан орталықта, Кремльдің қасындағы Моховая деген көшедегі Геология институтында. Жолы болғыш жолбарыстар дерсің.
Бірінші семестрдің сынағынан өншен үш алған маған енді стипендия жоқ. Ал Қаратай мен Әшімжан – математиканың жүйріктері. Ол оқу да олар суда жүзген балықтай.
Ал менің қиналғаным-ай... Стипендиясыз қалдым. Әне, сонда Москваға кіре берісте жол бойында көрген қамбалар қалашығына барайын. Үш баламыз. Үшеуіміз Москва–Сортировочная деген жерде жан-жақтан келген жүк поездарынан заттар түсіріп, соның ақшасын алып күн көреміз.
1953 жылы наурыз айында күн көсем Сталин қайтыс болды. Жарықтық, қайтыс болар алдында Полиграфия институтының баспа редакторы факультетін Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қосу туралы қаулыға қол қойып кеткен екен.
Содан сол жылы күзге қарай мен МГУ-дің студенті болып шыға келдім. Факультетіміз сол Моховая көшесінде, Геология институтымен көрші еді.
Сөйтіп, Қаратаймен қайтадан ауылдас болғаным-ай. Бұл кезде ол баяғы интернаттағы әлжуаз, бойы аласа бала емес, зіңгіттей азамат болған кезі.
***
Айта берсе, әңгіме көп. Елу бесінші жылы ол оқуын бітіріп, диплом алып, Қарағанды тарабына кетті. Әшімжан Құрманов – Семей, Аягөз жаққа жөнелді...
Айтпақшы, солармен бірге тұрып оқитын Тұрап Срайлов деген жігіт бар еді. Оның хикаясы қызық. Өзі Сарыағаштың түбіндегі Дархан деген ауылдан. Балапандай кезінен анасы намаз оқып үйреткен. Сол әдетін Москваға барған кезде де қоймаған ғой.
Сөйтсе, комсомолдың белсенділері оны көкпар қылып, жиналысқа салып, оқудан шығару туралы институт дирекциясына ұсыныс түсіріпті.
Сонда осы Қаратай бас болып, басқа қазақ балалары – Әшімжан, Қабден, Хаким тағы басқалары ара түсіп:
— Райдан қайттым, бездім Құдайдан! — деп айт деп, Тұрапты әрең көндіріп, әйтеуір аман алып қалған ғой.
Әне, ынтымақтың, туыстықтың пайдасы сол. Әйтпесе бөлінгенді бөрі жеп кететін еді.
Сол 1955 жылы мен де университет бітіріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік көркем-әдебиет баспасы деген мекемеге барып, редактор болып жұмысқа тұрдым.
Бір жылдан кейін, тағдыр екен, «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып, Қаратаймен қайта табыстым.
Қарекемнің өрлеу жолы осы Қарағандыдан, Қарағайлы дейтін геологтар экспедициясынан басталды.
Біраз жылдан кейін Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, содан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына дейін өсті. Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары болды. Қазақстан кәсіподақтарын басқарды. Содан бүкіл Кеңестер Одағының кәсіподақтарының хатшысына дейін өсті.
Сонда жақын жолдастары Қаратайды Москваға шығарып салып тұрып:
— Баяғыда Тұрар Рысқұлов деген атаң Кремльде 11 жыл отырып, ел басқарып еді. Құдай саған сол атаңның жолын берсін. Тағдырын бермесін! — деп тіледік.
Күні кеше сияқты еді. Парламентте баяғы Әулиеатаның мектебінде партада бірге отырғандай, Мәжіліс залында да бір партада қатар отырдық. Бірге тумақ болса да, бірге мәңгі жүрмек жоқ екен.
Мен қазір үйірінен адасқан кәрі құлжа сияқты өрісте саяқ жайыламын, Жаратқан құдірет Қарекемнің о дүниесін алдынан жарқыратып, мекенін жұмақтан жаратсын.
***
Парламенттің Мәжілісінде мен бірнеше жыл қатарынан Қаратаймен қатар бір партада отырдым. Ал оның комитет басшысы ретінде жеке кабинеті, көмекшісі, хатшысы бар болатын. Қарекем келесі сайлау кезінде қайтадан Қаржы комитетінің төрағасы болып сайланды.
Сонда менің ақындығым ұстап кетіп, мынаны жаздым:
Кареке, қайта міндің ақ боз атқа,
Теңге–доллар еліне болдың датқа.
Кішкентайдан бірге өскен досың едім,
Он көзіңді сала жүр біздің жаққа.
Келесі жолы кабинетіне кіргенімде, қағаздан бас алмай жазу жазып отыр екен. Алдындағы қорапта түрлі-түрлі қаламдар толып тұр екен. Қызығып кетіп, біреуін алып, қалтама сала берген едім, Қарекем басын көтеріп алып:
— Положи обратно! — деп гүр ете қалды.
Сөйтті де қоңырауын басып қалып, көмекші қызға:
— Мынаған бір қорап түрлі-түсті қарындаш әкеліп берші, — деді де, қайтадан жазуына үңілді.
Әлгі қыз бір қораптың орнына үш тал қалам әкеліп берді.
***
Түс көремін. Түсіме ер жеткен, қызметке араласқан кезім емес, сона-а-а-ау алыста қалған балалық шағым жиі кіреді.
Біз ылғи тарпаңдар екенбіз деймін.
Жабайы жылқылар. Ортамызда күміс қоңыраулы құлыншақ болады. Құданың құдіреті – басында сегіз сайлы, кілең жаһұттай жарқыраған шұғылалы кепка сияқты тәж болады.
Ормандағы арыстандар, шибөрілер әлгі құлыншақтың шұғылалы тәжін тартып алмақшы болып, тап-тап береді.
Кілең жабайы жылқы тарпаңдар әлгі қорқауларды ортамыздағы күміс қоңыраулы, шұғылалы тәжі бар құлыншаққа жолатпай, айнала қоршап алып жүреміз.
Сөйтіп жатып оянып кетемін.
Алдыңнан әрдайым жәннаттың нұры жарқырасын, Қаратай...
Қазақтың Қаратайы!
Естелік «Азамат» кітабынан алынды.