Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбеков коучтардың екі түрі бар екенін айтады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Заңгер еліміздегі коучтардың жұмысын көптен бері бақылап келе жатқанын айтады. Мәселен, ол коучтардың ішінде алаяқтар да, өз ісін шебер меңгерген мамандар да бар екенін ескертті.
«Мәселен, барлық коучтарды алаяқ, пайдакүнем деп айтуға болмайды. Бірақ олардың көбі дерлік контент арқылы пайда табу жағына кетіп қалды. Бұл мәселені шешудің ең бірінші тетігі – заңға мән беруіміз керек. Мемлекет тарапынан қосымша білім беруге лицензия талап етілмегендіктен, олардың қызметін заңсыз деп айта алмаймыз. Біздегі Білім туралы заңға сәйкес, қосымша білім беруге лицензия берілмейді. Яғни кез келген адам өзін коуч деп жариялап, ешқандай лицензия мен сертификат алмай-ақ өмір туралы үйретіп, психолог болып, сауда-саттыққа дейін үйрете беруі мүмкін. Әрине, бұған заң жағынан тыйым салынбағандықтан, шектелмеген нәрсе заңсыз емес деп қабылданады.
Негізі коучтарға деген қызығушылық адамдардың сұранысынан туындайтын дүние. Көп жағдайда нарықтық қоғамда ұсыныс сұраныстан туындайды. Бірақ соңғы оқиғалардан кейін тұтынушылардың талғамы өсіп, кімнің кім екенін біліп қалды. Яғни кімнің алаяқ, кімнің өтірік курс сатып жатқанын ажырата бастады. Ал осыдан 2-3 жыл бұрын коучтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, екінің бірі ақыл айтып кеткен еді.
Әйтсе де бұл мәселеде барлық коучтарды қаралауға болмайды. Коучтардың бәрі бірдей алаяқ емес. Егер нақты бір салада білімі бар адам өз білімін сатып, курс өткізсе, онда тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, зергерлік бұйымдарды дайындау, тігін тігу секілді нақты бір кәсіпті үйретсе, онда ол заңсыз емес. Ал енді белгілі бір кәсіпке «100 пайыз кепілдік береміз» немесе «қыруар қаржы құйсаң, ақшаның астында қаласың» деген секілді пирамида элементтерін қосатын болса, онда ол заңсыз іс-әрекет болып саналады. Ондай адамдар құқықтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оған біздің қолданыстағы заң жауап бере алады. Белгілі бір коуч қандай да бір сала бойынша қабілеті төмен болса, бірақ өзін сол сала бойынша білгірмін деп жариялап, халықтан ақша жинап, адамдарды шығынға ұшырататын болса, алаяқтық бабы қолданылуы мүмкін», – дейді заңгер.
Нұрсұлтан Орынбеков заңгер ретінде коучтардың іс-әрекетімен жете таныс екенін айтады. Сондай-ақ ол үкімет енді психологтарға назар аудара бастағанын тілге тиек етті.
«Негізі коучтардың ішінде сапалы да, іс-әрекеті күмәнді адамдар да болады. Біріншіден, сапалы коуч болу үшін міндетті түрде сертификат немесе диплом болуы шарт емес. Бірақ аталған құжаттар адамда болса, нұр үстіне нұр. Ең бастысы – адамдар қандай нәтижеге жетті деген мәселе. Мәселен, сапалы коуч дегеніміз – дәлелденген құзыреті бар, яғни лицензиясы, сертификаты немесе дипломы бар адам. Менің ойымша, сапалы коуч «Мен сені 100 пайыз байытамын, өміріңді өзгертемін» деп уәде бермейді. Керісінше, адамдарды өзіне сұрақ қоюға, ойлануға ынталандырады. Ал күмәнді коучтар «Сен ештеңе жасамайсың, ақшаңды берсең, өміріңді өзгертіп беремін» деп мүмкін емес уәделер береді. Сондай-ақ жалған коучтар әлеуметтік желіде өз өмірін керемет етіп көрсетуге тырысады. Олар қымбат автокөлікті жалға алып, зәулім үйде тұратындай әсер қалдырады.
Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтеріп, психологтардың лицензия алуын міндеттеуді ұсынып жатыр. Себебі адамның тәнін емдейтін дәрігер болса, жанын емдейтін – психолог, психиатр секілді мамандар. Олар бұл мамандықты арнайы бірнеше жыл оқып, белгілі бір деңгейде тәжірибеден өтеді. Ал қазір кез келген адам өзінің өмірін баяндап, адамдарды жан ауруына, депрессияға түсіріп жатыр. Мұның бәрі айналып келгенде ұлттық қауіпсіздікке, адамдардың жеке қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Сондықтан психологтардың қызметіне қатысты депутаттар бұл мәселені орынды көтеріп, арнайы заң қабылдатуға тырысып жатыр. Егер заң қабылданса, психологтар арнайы лицензия мен сертификат алатын болады. Бұл бұрыннан келе жатқан проблеманы шешуге жасалған маңызды қадам болмақ», – дейді заңгер.