Астанадағы №73 мектеп-лицейінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 10-11 сынып оқушыларына арналған лекция ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға 170 оқушы қатысты. Лекция «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында өтіп, қазіргі цифрлық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне арналды.
Оқушыларға «дроппер» кім екені, дипфейктердің мәні және цифрлық ортадағы жаңа қауіптер туралы түсіндірілді.
Лекторлар алаяқтардың адамдарды заңсыз схемаларға қалай тартатынын егжей-тегжейлі баяндап, қаржылық операцияларды жүргізу үшін «дроптарды» қалай пайдаланатынын түсіндірді.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын дипфейк тақырыбы тудырды. Бұл технологиялар жалған видео және аудиоматериалдар жасап, оларды манипуляция және алаяқтық мақсатта қолдануға мүмкіндік береді.
Спикерлер сондай-ақ мұндай әрекеттерге қатысудың тәуекелдері, құқықтық салдары және жауапкершілік шаралары туралы еске салды. Оқушыларға қауіптерді тану және интернетте қауіпсіз әрекет ету бойынша практикалық ұсыныстар берілді.
Мұндай іс-шаралар жастардың цифрлық кеңістіктегі жауапкершілігін қалыптастырып, құқықтық мәдениетін арттыруға және оларды құқықбұзушылыққа тартудың алдын алуға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар оқушылардың аса қызығушылық танытқанын атап өтіп, осындай білім беру бастамаларын жалғастырудың маңыздылығын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамда әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыты болып саналады. Бұл қағидат бойынша барлық азаматтар заң алдында тең, құқық бұзушылыққа жол берілмеуі тиіс, ал тәртіп сақтау – әр адамның жауапкершілігі. Заңның үстемдігі орнаған жерде қауіпсіздік күшейіп, мемлекет тұрақты дамиды.