2025 жылдың қараша айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасы алаңында 101,1 мың вакансия жарияланды, олардың 73%-ы біліктілікті талап ететін лауазымдар болды. Алдыңғы аймен салыстырғанда жалпы вакансиялар саны 23%-ға, оның ішінде білікті мамандарға арналған вакансиялар 26%-ға азайды. Өз кезегінде үміткерлер 101,3 мың түйіндеме орналастырды, бұл қазан айымен салыстырғанда 11%-ға төмен, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Қарашада вакансиялар жалпы азайғанына қарамастан, бірқатар салаларда оң динамика байқалды. Мысалы, вакансиялар саны: тау-кен өндіру өнеркәсібінде 26%-ға (+344 бірлік) өсіп, 1,7 мыңға жетті; әкімшілік қызмет көрсету саласында – 19%-ға (+368 бірлік) өсіп, 2,3 мыңға; ауыл шаруашылығында – 11%-ға (+828 бірлік) өсіп, 8,3 мыңға; тұру және тамақтандыру қызметтері саласында – 2%-ға өсіп, 1,8 мың вакансияға жетті.
Вакансиялардың ең көп қысқаруы ойын-сауық және демалыс қызметтері саласында байқалды – 55%-ға (-3 мың бірлік) азайып, 2,4 мыңға; мемлекеттік басқаруда – 40%-ға (-3,4 мың бірлік) азайып, 5,2 мыңға; энергетикада – 38%-ға (-1,5 мың бірлік) төмендеп, 2,4 мың вакансияға дейін қысқарды. Өзге салаларда төмендеу үрдісі біршама бәсең болды.
Вакансиялар санының азаюы маусымдық факторлармен байланысты – ең алдымен, жылыту маусымының басталуына орай түрлі салалардағы кәсіпорындардың қазандық қондырғылары үшін кадрларды жасақтау процесі аяқталғаннан кейін мұндай жұмыс күшіне деген сұраныстың төмендеуімен түсіндіріледі.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, қараша айында Жетісу облысынан басқа (+11%, 2,7 мыңға дейін) барлық өңірлерде вакансиялардың азаюы байқалды. Ең көп қысқару Батыс Қазақстан (-4,7 мың, 3,7 мыңға дейін), Жамбыл (-3,8 мың, 5 мыңға дейін) және Атырау (-2,5 мың, 4 мыңға дейін) облыстарында, тиісінше 124%, 75% және 61%-ға дейін тіркелді.
Вакансияларды орналастыру саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер – Түркістан облысы (11,1 мың), сондай-ақ Астана (9,3 мың) және Алматы (7,2 мың) қалалары. Бұл үш өңір қараша айында жарияланған барлық вакансиялардың ширегінен астамын құрады.
Ең сұранысқа ие мамандықтар: мейірбике/мейіргер – 1,9 мың, санитар – 1,8 мың, тәрбиеші және автомобиль жүргізушісі – әрқайсысы 1,5 мың бос жұмыс орындары.
Қараша айында ең жоғары жалақы деңгейлері бас құрылысшыларға (640 мың теңгеден бастап), өндірістік учаске бастықтарына (595 мың теңгеден бастап) және авиациялық диспетчерлерге (568 мың теңгеден жоғары) ұсынылды. Ал ең жоғары жалақы күту деңгейі пилоттарда (орташа 1,9 млн теңге), коммерциялық ұйымдардағы IT-бөлім басшыларында және бас геологтарда (шамамен 1,2 млн теңге) байқалды.
Осылайша, 2025 жылдың қарашасында Enbek.kz алаңында жұмыс берушілер мен үміткерлер белсенділігінің төмендеу үрдісі жалғасты. Бұл, ең алдымен, маусымдық түзетулерге байланысты. Сонымен бірге салалық және біліктілік тұрғысынан сұраныс пен ұсыныс құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ.