Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер: жастардың көзқарасы» атты танымдық жиын өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, сондай-ақ Алматы ауданы бойынша мектептердің өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері мен мектеп оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылар іс-шараның басты мақсаты – еліміздің жаңартылған Конституциясын талқылау және мектеп президенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыру екенін айтады. Сондай-ақ бұл жиын жас көшбасшылар үшін мемлекеттік реформалар мен демократиялық құндылықтар төңірегінде өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңына айналмақ.

«Биылғы жылды Қазақстан Республикасында тарихи жыл деп айтсақ, артық болмайды. Себебі 15 наурыз күні жалпыхалықтық референдум арқылы біз Конституциямыздың жаңа жобасын қолдап, дауыс бердік. Алда келе жатқан 1 шілдеден бастап Ата заңымыз күшіне енетін болады. Десе де, оған дейін осы жаңа Конституция жобасының бізге қандай мүмкіндіктер беретіні, қандай ерекшеліктері бар екені, қандай өзгерістер болғаны туралы сұрақтарға жауап алу үшін кездесу өткізіп отырмыз», – деп модератор қонақтарға сөз берді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жаңадан қабылданған Конституцияның артықшылықтары көп екенін тілге тиек етті.
«Біз жаңа Конституцияны қабылдадық. Бұл құжатты халықтық Конституция деп атаймыз. Себебі оны қабылдар алдында азаматтардан ұсыныстар алынды. 10 мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың барлығын арнайы комиссия қарады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде 1 миллионнан астам адам Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Жалпы алғанда, референдумның ашық өтуіне 38 мемлекеттен және 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысты. Яғни олар Конституцияның дұрыс немесе бұрыс қабылданғанын бақылап, өз бағаларын берді. Ең бастысы, шетелдік бақылаушылар оң бағасын берді. Мәселен, елімізде дауыс беруге құқылы 12 461 796 адамның 9 127 192-сі референдумға қатысты. Республика халқының 73,12 пайызы саяси науқанда өз пікірін білдірді. Оның ішінде 7 954 667 адам жаңа Конституцияны қолдап дауыс берсе, 898 099 адам қарсы болды. Сонымен қатар 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды», – деді Сенат депутаты.
Ғалиасқар Сарыбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келе сала саяси реформаларды жүзеге асырғанын атап өтті.
«Осы уақытқа дейін саяси реформаның төрт пакеті жүзеге асырылды. Оның біріншісі – жергілікті жерлерде ауыл, аудан және қала әкімдерін сайлау. Сонымен қатар Сенат пен Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. Мәселен, Мәжіліс депутаттарының құрамында 30 пайыз жастар, 30 пайыз ерекше қажеттілігі бар азаматтар және 30 пайыз әйелдер болуы керек деген талап енгізілді.
Сот реформасы осы саяси өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы деп ойлаймын. Былтыр біз конституциялық реформаға келіп тірелдік, яғни Ата заңды қайта қабылдау қажеттілігі туындады. Бұл не үшін қажет болды?
Жалпы, жер бетінде БҰҰ-ға мүше 198 мемлекет бар. Солардың ішінде бір мезетте кең ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырып жатқан мемлекеттер көп емес. Себебі саяси реформалар – өте күрделі процесс. Көптеген елдер оларды кезең-кезеңімен ғана жүргізеді. Ал бізде төрт пакет бірдей жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық сот, азаматтық құқықтар сияқты көптеген өзгерістер енгізілуде.
Конституциялық реформаны қабылдауға не түрткі болды? Біріншіден, біздің Конституциямыздың тарихымызбен, мәдениетімізбен және салт-дәстүрімізбен тығыз байланысы маңызды болды. Осы Конституцияда Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық мұралар ескерілді. Яғни ұлттық дүниетанымымыз, моральдық-этикалық өлшемдеріміз және әділдік туралы түсініктеріміз Конституцияда көрініс тапты.
Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміздің бағзыдан келе жатқан тарихымызға үңілдік. Себебі кейбір мемлекеттер біздің тарихымызды тек 1991 жылдан бастайды. Бұл дұрыс емес. Біздің ықылым заманнан бергі тарихымыз бар.
Екіншіден, бұл Конституцияда Ұлы даланың философиясы кең көрініс тапты. Біздің қоғамдағы еркіндік, жауапкершілік, адалдық және адамға қызмет ету құндылықтары да ескерілді. Қазақ халқының қонақжайлығы мен дәстүрлі құндылықтары да назардан тыс қалған жоқ.
Үшіншіден, біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің конституциялық тәжірибесін зерттедік. Әлемде Ата заңы бар және жоқ мемлекеттер бар, сондай-ақ Конституциялары жиі өзгеретін немесе ұзақ уақыт өзгеріссіз қалатын елдер де кездеседі. Осы тәжірибелердің барлығын ескере отырып, біз өз Конституциямызды жан-жақты зерделеп қабылдадық», – деді ол.