Мәзір
Заң мен тәртіп

Астанада нашақорлық пен есірткі қылмыстарына байланысты телекөпір өтті

Астанада нашақорлық пен есірткі қылмыстарына байланысты телекөпір өтті

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында студенттер мен сотталған азаматтар арасында телекөпір өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған іс-шара Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар студенттерге есірткі құқық бұзушылықтарының құқықтық салдары, оның қоғам мен жеке өмірге тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жастарды теріс әрекеттерден аулақ болуға шақырып, олардың саналы таңдау жасауы қажеттігін жеткізді.

Мәселен Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Жандос Сейтенов студенттерге өз ақыл-кеңесін айтты.

«Біз Астана қаласы бойынша жасалған қылмыстарды сараптап, өз қорытындымызды шығарып отырамыз. Менің сіздерге бір кеңесім бар. Әрине студент кезіңізде еркіндік сезінесіздер, себебі көпшіліңіз жан-жақтан келдіңіздер, яғни ата-аналарыңыздан бөлек тұрасыздар. Ең басты қателік, есірткі ол марихуана, гашиш немесе синтетикалық заттар ғана емес, оған біз алкогольді де санаймыз. Статискаға сүйенсек, көбіне есірткіге ішімдік ішкен адамның салынуы тез болады. Мысалы менің студент болған кезімде мықты оқыған әрі белсенді құрдастарым болған. Бірақ олар жаман топқа еріп, жаңсақ жолға түсіп кетті. Сол себепті сіздер алдағы уақытта абай болуларыңыз керек.

Жалпы адамның қалыптасуына үш фактор әсер етеді. Бірінші фактор ол біздің генетикамыз, яғни мінез-құлқымыз әр түрлі болып келеді. Екінші фактор біздің ата-анамыз немесе ата-әжемізден алған тәлім-тәрбиеміз әсер етеді. Үшінші және ең негізгі фактор ол қоршаған ортаның балаға тигізетін әсері деп білемін. Себебі сіз бен біз осы қоршаған ортада өмір сүріп жатырмыз», – дейді Жандос Қалиоллаұлы.

Іс-шара аясында бейнеконференция арқылы №64 мекемесінің шаруашылық жасақ сотталған азаматтармен онлайн кездесу ұйымдастырылып, олар өз өмірлік тәжірибелерімен, өкініштерімен, отбасына және бостандыққа деген сағыныштарымен бөлісті.

«Мен ең алдымен өзіме, өз отбасыма қарсы қылмыс жасадым. Маған 7 жыл 6 ай мерзімде бас бостандығымнан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта содан бері шамамен 2 жыл өтті және сол уақыттан бері істеген ісіме өкінбеген бірде-бір күн, бірде-бір сәт болған жоқ. Бастапқыда мен синтетикалық есірткі қолданудан бастадым. Олар маған жалған еркіндік сезімін, ой мен дүние еркіндігін бергендей болды. Өзім де байқамай сол есірткіге тәуелді болып қалдым, есірткі бірте-бірте мен үшін суымды, тамағымды, тыныс алатын ауамды, отбасымды, тіпті әйелімді алмастырғанын байқамай қалдым. Біртіндеп ол менің ақшамды, уақытымды және жақсы әрі жарқын болашақ туралы ойларымды тартып алды. Кейін өз өлшемімді қолданбасам қатты ашуланшақ, ызалы бола бастадым. Осы әдетімнің салдарынан жұмысымдағы әріптестеріммен қарым-қатынасым бұзыла бастады, ақырында мені жұмыстан шығарып жіберді. Мен қарыздар ала бастадым және өкінішке қарай кейін қайтара алмайтын қарыздарға баттым. Бір күні әлеуметтік желіде отырып маған жасырын есірткі таратушы курьер қызметін ұсынған оператор жазды. Сол кезде бәрінен айырылған нашақор адам үшін ол тағдырдың сыйындай көрінді. Есірткі тарату және қолдану, тіпті ол үшін ақша алу сол кезде мен үшін бұл бақыт сияқты көрінді. Әрине, сол себепті келісімімді бердім.

Егер мен өз тарихымды толық айтып берсем, бұл конференцияның уақыты да жетпес еді. Мен бұл жерге түскеннен кейін бір нәрсені өзгертуге тым кеш болды. Істеген ісімнің қаншалықты ауыр екенін төрт қабырғаның ішінде түсіндім, ең жақсы адамдар бұл жерде отырмайды. Қазір сіздердің алдарыңызда отырып, өткен өміріме көз жүгірткенде ішімдегі өкінішті сөзбен жеткізе алмаймын. Мен отбасымның, қоғамның сенімінен, денсаулығым мен уақытымнан айырылдым. Ауыр сот процестері кезінде бар мүлкімді сатып жіберуге тура келді. «Осының бәрі соған тұрды ма?» деп сұрасаңыздар, бұл ақымақ сұрақ дер едім.

Қымбатты достар, жас, амбициялы, әдемі әрі өмір сүруге деген құлшыныстары мол жандар, есірткіге, жаман әдеттерге, тіпті жаман ойларға да жоламаңыздар. Сіздерде үлкен сый бар. Ол сіздердің бостандықтарыңыз, жасөспірім өмірлеріңіз, соны қадірлеңіздер, бағалаңыздар, болашақтан үлкен үміт күтіп, өмір сүріңіздер, оқыңыздар, үйреніңіздер, дамыңыздар. Көп адамдар қылмысқа пайдакүнемдік, ақша мен билікке деген құмарлық салдарынан барады. Бірақ тек осында түскен кезде ғана біз мұның бәріне адалдық пен еңбекқорлық арқылы жетуге болатынын түсіне бастаймыз. Әрине, ол кезде тым кеш болады», – деді ол.

Сотталушының сөзі студенттерге үлкен ой салатын, тәрбиелік мәні жоғары диалог алаңына айналды. Телекөпір форматы жастар мен жазасын өтеуші азаматтар арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік беріп, құқық бұзушылықтың алдын алудағы тиімді тәсілдердің бірі ретінде маңыздылығын көрсетті.