«ҮЕҰ – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір»

30 шілде, 2025 / Alashorda

«Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан 2010 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдар саласында еңбек етіп келеді. Ол азаматтық қоғамсыз зайырлы әрі демократиялық мемлекет құру мүмкін еместігін атап өтті.

– Ең алдымен, ҮЕҰ азаматтық қоғамның қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді. Өйткені еліміздегі түрлі заңдардың талқыланып, қабылдануына азаматтық қоғам өкілдері белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ қоғамда туындаған өзекті мәселелерді бір адамның емес, жалпы халықтың даусымен шешуде ҮЕҰ, оның ішінде қоғамдық бірлестіктердің рөлі зор. Бір сөзбен айтқанда, ҮЕҰ – билік пен халық арасындағы алтын көпір, – деді ол.

Исламбек Дастанның айтуынша, дамыған демократиялық мемлекеттерде азаматтық қоғам жоғары деңгейде қалыптасқан. Себебі қоғамдағы кез келген қордаланған мәселені алдымен үкіметтік емес ұйымдар көтереді. Егер халық мүддесіне қайшы заң немесе шешім қабылданса, олар өз пікірін ашық білдіріп, БАҚ арқылы қоғам назарын аударады.

– Мысалы, мен басқаратын ұйым азаматтық қоғам өкілдерінің өзара серіктестік пен ынтымақтастық жүйесін қалыптастырып, оны дамытуға күш салады. Әулиеата өңіріндегі күрделі мәселелердің талқыланып, оң шешім табуына «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі талай мәрте үлес қосты, – деп сөзін түйіндеді Исламбек Дастан.