Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданында денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер көп. Бұл туралы аудандық емхананың жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімшесінің меңгерушісі Меруерт Бердібекова мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Целиноград ауданында 16 медициналық нысан салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда олардың барлығы салынып, аяқталды. Келер айдан бастап бірнеше нысан халық игілігіне пайдалануға беріледі. Мәселен, Ынтымақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылса, Оразақ пен Рахымжан Қошқарбаев ауылдарында да жаңа медициналық нысандар жұмысын бастамақ. Жалпы, ауданға қарасты алыс ауылдарда түрлі медициналық нысандар бой көтерді.
Целиноград ауданындағы басты жаңалықтың бірі – былтыр емханамызға КТ аппараты сатып алынды. Бұл дәрігерлер үшін де, тұрғындар үшін де өте пайдалы болды. Себебі аталған құрылғы пациенттерді уақтылы тексеріп, қажетті ем-дом жасауға мүмкіндік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры туралы қоғамда сын көп айтылады. Дегенмен дәл осы қордың арқасында КТ, МРТ секілді қымбат аппараттар алынып, халықтың денсаулығын тексеру мүмкін болып отыр. Егер қор болмағанда, науқастар КТ, МРТ-дан өту үшін өз қаржысын жұмсап, қомақты шығынға бататын еді. Мысалы, МРТ өтудің құны 40 мың теңгеден басталады. Ал сақтандыруы бар азаматтар бұл тексерулерден емханада тегін өте алады», – деді ол.
Меруерт Бекмұратқызының айтуынша, аудандық емханада 51 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Ол мұны ауданның Астана қаласының іргесінде орналасқандығымен байланыстырады. Өйткені халықтың басым бөлігі елордада тұрақты тіркеуде.
Дәрігер «Ауыл аманаты» бағдарламасының да пайдасы зор екенін атап өтті.
«Целиноград ауданындағы ауыл дәрігерлерінің жағдайы жақсы деп айтуға болады. Мысалы, мен Астана медициналық университетінде жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын оқып бітіріп, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан мамандардың бірімін. 2021 жылы Үкіметтен берілетін 2 пайыздық жеңілдетілген несие алып, Талапкер ауылынан үй сатып алып, отбасыммен сол ауылға қоныстандым. Бұған дейін Астанадағы емханада дәрігер болып жұмыс істедім. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы мен қайтарымсыз төлемнің арқасында ауданға келуге мүмкіндік туды.
Биылдан бастап ауылдық жерге барған дәрігерлерге берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі ұлғайды. Былтыр дәрігерлерге 5 млн теңге берілсе, биыл ауданға келген жас мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат бөлініп отыр. Қазір мен аудандық емхананың жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімшесінің меңгерушісімін. Бөлімімде өткен жылы оқуын тәмамдаған 4 жас дәрігер жұмыс істеп жүр. Олардың барлығы 8,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, баспаналы болды. Оның екеуі – отбасылы жас жұбайлар.
Ал биыл біздің ауданға тағы екі жас маман жұмысқа орналасты. Ұзын сөздің қысқасы, Целиноград ауданында дәрігер тапшылығы жоқ. Өйткені аудан Астана қаласының іргесінде орналасқандықтан, дәрігерлер жиі келіп жұмыс істейді. Сонымен қатар 8,5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржының арқасында жас мамандарды тарту мүмкіндігі артып отыр. Мәселен, біздің ауданда тіпті қалада сирек кездесетін балалар эндокринологы да қызмет көрсетуде», – деді ол.