«Міржақыпты дәріптеуді одан әрі жалғастыру қажет»

28 шілде, 2025 / Alashorda

Биыл Алаш ардақтысы, ұлт қайраткері, «Қазақ» газетінің негізін қалаушы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Ол «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына зор үлес қосты.

Алаштанушы Қайырбек Кемеңгерұлының айтуынша, Міржақып Дулатұлы бастаған қазақ қайраткерлері ақталғаннан кейін Алаш идеясын насихаттау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен ғалым Алаш арыстарын дәріптеуде әлі де олқылықтар бар екенін айтады.

«Жуырда «Өзбекәлі Жәнібек: Мәдени майдан» атты еңбекті оқып шықтым. Онда Міржақыпты ақтау жолындағы деректер келтірілген. Гүлнәр Дулатова әкесінің суреттері мен құжаттарын Өзбекәлі Жәнібекке тапсырып, Міржақыпты ақтап шығуға ықпал етуін өтінеді. Сол кезден бастап қазақ қоғамы Міржақып тұлғасын тереңірек танып, жоғары бағалай бастады. Бұл үрдіске «Оян, қазақ» телесериалының жарыққа шығуы да үлкен әсер етті.

Алаш қозғалысына арналған фильмдер «Тар заманнан» бастау алды. Кейін «Ұлт ұстазы. Ахмет», «Мағжан. Мен жастарға сенемін» сынды туындылар көрерменге жол тартты. Бірақ, менің ойымша, олардың ішінде ең сәтті шыққандары – Мұстафа Шоқай туралы фильм мен «Міржақып. Оян, қазақ» туындысы. Шынын айту керек, тарихи тұлғаларды кино арқылы насихаттау – ең тиімді әдістің бірі. Дегенмен, Міржақып мұрасын дәріптеуді одан әрі жалғастыру қажет. Себебі қазақты қазақ етіп сақтайтын құндылық – Алаш идеясы. Ал Міржақыптың мұрасы – сол жолдағы аса бағалы қазына.

Биыл Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аталып өтсе, он жылдан кейін 150 жылдық мерейтойы да тойланбақ. Егер қателеспесем, Астанадағы Көктал шағын ауданында Міржақыптың атына көше берілген. Алайда ол қала шетінде орналасқан. Жаһанша Досмұхамедұлы, Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатұлы есімдері көбіне елеусіз аймақтардағы көшелерге берілген. Бұл мәселе қоғамда жиі көтерілуде.

Дегенмен уақыт өте келе Әлихан Бөкейханның ескерткіштері қойылып, есімдері университеттерге беріліп, ұлт қайраткерлерін ұлықтау үрдісі біртіндеп жүзеге асып келеді. Алдағы қыркүйек айында Торғайда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр», – дейді Қайырбек Кемеңгерұлы.