Ақтаудағы ұшақ апаты. Баку Мәскеуден жауапкершілікті мойнына алуды сұрады

27 шілде, 2025 / Alashorda

ку Мәскеуден Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты жауапкершілікті өз мойнына алудыкүтеді. Бұл туралы Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол екі ел арасындағы қарым-қатынаста түбегейлі өзгерістер болмағанын, дегенмен, соңғы айларда белгілі бір түсініспеушіліктер мен екіжақты қатынаста шиеленістің күшейгені байқалатынын мәлімдеді.

«Барлығы авиакатастрофадан басталды. Ұшақ апаты әзербайжан қоғамын терең күйзелтті. Ол Ресей аумағында, Ресейдің әуе кеңістігінде болды. Оқиғаның мән-жайын біз жақсы білеміз. Бұл енді құпия емес. Әзербайжан көрші әрі серіктес ел ретінде Ресей бұл істі мойнына алып, әділеттілікті қамтамасыз етеді деп күтеді», – деді президент көмекшісі.

Еске салайық, AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде, Грозный қаласының үстінде сыртқы физикалық және техникалық әсердің салдарынан апатқа ұшыраған.