Мәзір
Жаңалықтар

«Лудомандардың шамамен 70 пайызы емделуі мүмкін»

«Лудомандардың шамамен 70 пайызы емделуі мүмкін»

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Психолог-психотерапевт Серікгүл Сали бұл заң құмар ойынға тәуелді азаматтарға айтарлықтай пайдасы бар екенін атап өтті.

Серікгүл Салидың айтуынша, құмар ойынға салынған адамға ауру ретінде қарау қажет. Өйткені ондай адамның өз күшімен тәуелділіктен арылып шығуы өте қиын.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша лудоманияға ауру деген код берілген. Сол себепті лудоманиядан емделудің арнайы бекітілген протоколы бар. Алдымен адамның тәуелділігінің қай деңгейде екенін анықтау керек: жан ауруы ма, тән ауруы ма, әлде психика немесе сезімге қатысты ма – соған қарай емдеу тәсілі белгіленеді.

Мысалы, сезімдік деңгейде тәуелді болған адам психикалық тұрғыдан сау болуы мүмкін. Бірақ ол құмар ойыннан ерекше эмоция алады. Мұндай адам ақша ұту үшін де, уақыт өткізу үшін де емес, дәл сол сезімді бастан кешіру үшін ойнайды. Ұтса да, ұтылса да оған бәрібір – тек сол күйді сезінгісі келеді.

Сондықтан құмар ойынға тәуелді адамды ауру деп қабылдау қажет. Олармен кәдімгі адам секілді сөйлесіп, уәдесіне сенудің еш пайдасы жоқ. Мәселен, талма немесе қант диабетімен ауыратын адам «енді ұстамам болмайды» деп айтса да, ауруы қайта қозып кетуі мүмкін. Сол сияқты лудоманияға шалдыққан адамға да «Неге ойынды қоя алмай жүрсің?» деп ұрысып, кінәлаудың қажеті жоқ.

Араққа немесе есірткіге тәуелділікпен салыстырғанда, лудомания ең қауіпті ауру саналады. Өйткені арнайы орталықта емделген лудомандардың шамамен 70 пайызы ғана тәуелділіктен арылады. Ал қалған 30 пайызы туралы мамандардың қолы жете бермейді, себебі олар емді тоқтатып, хабарсыз кетеді. Мысалы, менің тәжірибемде 6 мыңға жуық құмар ойынға тәуелді адам болды, соның 70 пайызының кейінгі өмірі жайлы мәлімет бар», – дейді маман.