Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулымен Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Құжатқа сәйкес, министрліктің құзыреті кеңейтілді. Атап айтқанда, ведомствоға келесі ережелерді бекіту бойынша өкілеттік берілді:
– медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізімін қалыптастыру;
– денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу, аккредиттеуден кейінгі мониторинг жүргізу және аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алу;
– жүкті және босанған әйелдердің өлім жағдайы, жоспарлы медициналық көмек кезінде пациенттердің кенеттен қайтыс болуы туралы шұғыл ақпарат ұсыну;
– тәуелсіз сарапшылар тізімін жүргізу;
– бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталықтың қызметін ұйымдастыру;
– Пациент дертінің шұғылданатын кәсібімен байланысы барын орнату;
– медициналық қалдықтарды есепке алу және жұқпалы аурулар мен улану жағдайы туралы жедел хабарлама;
– бала күтіміне байланысты демалыстағыларды гигиеналық оқыту;
– санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігі;
– патогенді микроағзалардың өндірістік коллекцияларын қалыптастыру және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат беру;
– тәуекелді тәсілді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сапаны бақылау үшін нарықтан іріктеу;
– азаматтарды алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету және шұғыл жағдай тізбесін бекіту;
– кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру;
– психикалық бұзылыстары бар адамдарды динамикалық бақылау;
– трансплантация кезінде тіндердің иммунологиялық сәйкестігін анықтау және HLA-зертханаларының қызметі;
– жасанды органдар мен тіндерді трансплантациялау;
– клиникалық базаларды, университеттік ауруханаларды және интеграцияланған медициналық орталықтарды ұйымдастыру.
Сондай-ақ министрлік келесі мәселелерді бекітеді:
– дәрі-дәрмекті сауда атаулары бойынша бөлшек және көтерме саудадағы шекті бағасын;
– ұзақ мерзімді шарттар аясында бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізбесін;
– алғашқы көмекті көрсету стандарттары және тиісті фармацевтикалық тәжірибе стандарттарын;
– дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек сату ережелерін;
– фармацевтикалық инспекторларды тіркеу және инспекциялау ережелерін.
Одан бөлек, бірқатар өкілеттіктің жаңа редакциясы ұсынылған. Оның ішінде:
– тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру кестелерін бекіту;
– Тегін мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу;
– медициналық ұйымдар үшін үлгілік штаттар мен штаттық нормативтерді бекіту;
– медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуы нәтижелерін растау;
– денсаулық сақтау қызметкерлерінің мамандықтар номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту;
– денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастыру.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.