Заңгер Әлімжан Жұбатханов азаматтардың сот арқылы құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы аса маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл бағытта еліміздің құқық қорғау саласында бірқатар жұмыстар атқарылған.
— Елімізде 2023 жылдан бастап Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту. Қазіргі таңда кез келген адам Конституциялық сотқа жүгініп, өз құқығын қорғай алады. Мысалы, егер белгілі бір заңда қайшылық немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу фактісі анықталса, Конституциялық сот бұл мәселені қарап, тиісті қорытынды шығарады. Мәселен, «Неке туралы заңда мынадай қарама-қайшылық бар, оны өзгерту қажет, себебі ол азаматтардың құқықтарын шектейді» деп Үкіметке ұсыныс жолдауы мүмкін. Бұл процесс барысында Бас прокуратура, Әділет министрлігі сияқты уәкілетті органдар шақырылып, мәселе жан-жақты талқыланады. Дұрыс болса – дұрыс, бұрыс болса – бұрыс деп сот өзінің қорытынды шешімін береді, – дейді заңгер.
Сонымен қатар ол елімізде 2020 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгенін атап өтті. Бұл кодекстің мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік органдармен немесе лауазымды тұлғалармен қарым-қатынасы барысында олардың құқықтарын қорғау. Яғни, мемлекет пен азамат арасындағы дауларды әділ шешуге басымдық беріледі.
— Бұрын әкімшілік соттар болмаған кезде азаматтар өз арыз-шағымдарын Президент Әкімшілігінен бастап, Үкіметке және жергілікті әкімдіктерге дейін жазатын. Бірақ атқарушы органдардың көпшілігінде мұндай мәселелерді шешетін құзырет болмады. «Бұл біздің құзыретімізге кірмейді, істі сотқа беріңіз» деп жауап беретін. Соның салдарынан азаматтық соттарға шамадан тыс жүктеме түсіп келді, – дейді Әлімжан Жұбатханов.