«Заң мен тәртіпті қалыптастыруда мәселе бар»

25 шілде, 2025 / Alashorda

Заңгер Жандос Тұяқовтың айтуынша, мемлекет дамуы үшін қоғамда заң мен тәртіп сақталуы қажет. Алайда заңдардың мазмұны мінсіз болғанымен, олардың орындалуы күрделі мәселе болып отыр.

«Біздің заңдарда елеулі кемшілік жоқ. Негізгі проблема – сол заңдардың орындалуында. Яғни, заңда қалай жазылса, дәл солай жүзеге асырылуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, ол әрдайым толық сақтала бермейді. Мәселен, біз адвокат ретінде тергеу органдарымен жиі жұмыс істейміз. Сол кезде процессуалдық заңда нақты көрсетілген талаптардың орындалмай жататынын көреміз. Кейде сот та мұндай заң бұзушылықтарға көз жұма қарайды. Сондықтан заң мен тәртіпті қалыптастыруда айтарлықтай қиындық бар.

Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәдениетіне айналуы тиіс. Ал ондай мәдениетті қалыптастыру үшін мемлекет нақты бағыт беріп, заңдардың орындалуын қадағалайтын тиімді тетіктерді іске қосуы қажет.

Мысалы, бүгінде тергеуші болғысы келетіндер аз. Неліктен? Біріншіден, олардың жалақысы төмен. Екіншіден, егер адвокаттардың шағымдары әділ қаралып, заңға сай қанағаттандырылып отырса, тергеуші мамандығына деген қызығушылық одан сайын азаяды. Бұл – менің жеке пікірім.

Қоғамда «құқық бұзушылыққа бей-жай қарамау мәдениетін қалыптастыру қажет» деген ұстаным жиі айтылады. Бірақ мен мұны белгілі бір деңгейде сын тұрғысынан қараймын. Себебі қазіргі кезде біреу қылмыс жасап жатса, оған араласу қауіпті болуы мүмкін. Сол үшін ата-аналар балаларға кішкентайынан «қауіп болса, қашып кет» деп үйретеді.

Алайда құқық бұзушылық тек қылмыспен шектелмейді. Ол – қоғамдық орында темекі тұқылын тастап кету сияқты қарапайым әкімшілік заң бұзушылықтар да болуы мүмкін. Мұндайда ескерту жасауға болады. Бірақ кей адамдардың психикалық жағдайы дұрыс болмауы мүмкін. Сондықтан әр жағдайды ескере отырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды.

Заңдар әділетті, қажет болса қатаң да болуы мүмкін. Бірақ барлық жауапкершілікті халықтың мойнына арта салу дұрыс емес. Заңдарды қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу – ең тиімді жол. Құқықтық тәртіпті орнату үшін халықты хабардар ету – басты міндеттердің бірі», – дейді ол.