Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, еліміздегі қаржы пирамидалары өзін пирамида ретінде ашық жарияламайды. Өйткені алаяқтар бұрынғыдай классикалық схема бойынша емес, жұмыс тәсілін өзгертіп әрекет етеді.
«Қазіргі таңда қаржы пирамидасын құрушылар өздерін жасырын инвестициялық жоба ретінде көрсетеді. Мәселен, белгілі бір кәсіпкер нақты тауарға инвестиция салуға шақырады да, әрбір адамға ай сайын 30 пайызға дейін дивиденд беруге уәде етеді. Алайда бұл табыс тауар сатылымынан немесе көрсетілген қызметтен түскен ақша емес, жаңа салымшылардың қаражатынан төленеді. Яғни біреудің ақшасын екіншісіне беріп, айналдыра береді. Соңында бұл жүйе қаржы пирамидасының классикалық сипатына ие бола бастайды. Қарапайым халық тарту арқылы ол міндетті түрде адам шақыруға негізделген схемаға айналады. Жеме-жемге келгенде мұндай пирамидалардың қаржы айналымы кейде триллиондаған активі бар банктерден де асып түседі. Өйткені бастапқыда халыққа «жоғары пайыздық табыс табасыңдар» деп қызықтырады.
Әрине, халық арасында тез баюды қалайтындар баршылық. Көп адам «бірден мол қаржыға ие боламын» деген үмітпен өз қаражатын пирамидаға құяды. «Өзім үйде демалып жатсам, ақшам бірнеше есе өсіп жатса екен» дейтін азаматтар да аз емес. Шын мәнінде, «тез байып кетемін» деген ой адамдардың аңғалдығынан туындайды.
Оның үстіне, тез баю туралы елге танымал блогерлер мен өнер адамдары айтқаннан кейін, қарапайым халық оларға имандай сенеді. Өкінішке қарай, бүгінде көпшіліктің жан қинамай байып кетуге деген сенімі күшті. Бірақ бүгін ашылып, ертең жабылып жатқан қаржы пирамидаларына халық күмәнсіз кірісіп жатады. «Пирамида болса болсын, бастысы басында мен болсам, мол табысты иеленемін» деген түсінік азаматтарды меңдеп алған.
Сол себепті қаржы пирамидасының ақ-қарасын айырмай, әлі де алданып жатқан азаматтар аз емес. Өйткені қоғам тарапынан сұраныс болған жерде, ұсыныс та тоқтамайды», – дейді ол.