Еліміздегі құқықтық саясатты іске асыру мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қай деңгейде? Заңгер Әлімжан Жұбатхановтың айтуынша, құқықтық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді.
— Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты – бұл мемлекеттік заң шығару, құқық қолдану, әділ сот жүргізу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесі. Қысқаша айтқанда, ол – ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Оның негізгі қағидаттары – заң үстемдігі, әділеттілік және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Құқықтық саясаттың басты мақсаты – заң үстемдігін орнатып, азаматтардың құқықтарын қорғау, заңнаманы жетілдіру және сот пен құқық қорғау органдарын реформалау. Ал сот реформасына сәйкес, судьялардың біліктілігін арттыру үшін оларды іріктеу кезінде қатаң талаптар қойылып отыр, – дейді ол.
Заңгердің пікірінше, елімізде құқықтық саясатты іске асыру үшін заңнамалық, сот және құқық қорғау реформаларына басымдық беру қажет. Мысалы, заңнаманы жетілдіру аясында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, қылмыстық кодексті жаңарту сияқты шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта жыл сайын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді.
— Ашықтық мәселесіне тоқталсақ, «Ашық үкімет» қағидаты аясында Egov және «Е-Өтініш» платформалары жұмыс істейді. Халық Egov порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, кез келген мемлекеттік органға арыз-шағым жолдай алады. Сондай-ақ жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке және туу туралы куәлікті де осы портал арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар «Сот кабинеті» платформасы арқылы азаматтар онлайн форматта талап-арыз бере алады. Қазір сот отырыстарының басым бөлігі онлайн өтуде. Бұл қарапайым халық пен адвокаттар үшін өте тиімді. Еліміздің кез келген өңіріндегі сот процесіне онлайн қатысуға мүмкіндік бар. Бұрын белгілі бір қаладағы сот отырысына қатысу үшін арнайы жол жүру қажет болса, қазір үйден немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа қатысу әлдеқайда жеңілдеді, – дейді Әлімжан Жұбатханов.