«Жаһандық бастамалардың арқасында БҰҰ-ның тұрақты емес мүшесі болдық»

23 шілде, 2025 / Alashorda

Қазақстанның жаһандық бастамаларға белсенді қатысуы елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуына ықпал етті. Бұл туралы халықаралық сарапшы Нұрболат Нышанбай мәлімдеді.

– Қазақстанның жаһандық бастамалары туралы айтқанда, ең алдымен, ядролық қаруға қарсы ұстанымымыз еске түседі. Семей ядролық полигонын жабу – еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырған қадам болды. Бұл туралы көптеген мақалалар мен кітаптар жазылып, тіпті фильмдер түсірілді. Әлем Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде таныды, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, екінші маңызды бастама – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК). Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл ұйым бүгінде 50-ге жуық мемлекетті біріктіріп, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) Азиядағы баламасы ретінде жұмыс істеп келеді.

Үшінші бастама ретінде ол Қазақстанның халықаралық ұйымдармен қатар дипломатияда «жұмсақ күш» құралдарын белсенді қолдануын атады. – Мысалы, аймақтық интеграция үдерістерінде көшбасшы болу және G-Global сияқты жобаларды іске асыру осының айқын көрінісі, – деді сарапшы.

Нұрболат Нышанбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта держава» тұжырымдамасына да назар аудартты.

– Бұл идея арқылы Қазақстан халықаралық дауларды дипломатиялық жолмен және БҰҰ жарғысы аясында шешуге басымдық бере бастады. Тоқаев билікке келгеннен бері еліміздің көптеген жаһандық бастамалары қақтығыстарды БҰҰ ықпалын күшейту арқылы шешуге бағытталды, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан 2010-2015 жылдары жаһандық бастамаларда ерекше белсенділік танытты. Соның нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттері ішінде алғаш болып, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. – Бұл жетістік еліміздің халықаралық бастамалардағы белсенділігімен тікелей байланысты, – деп түйіндеді Нұрболат Нышанбай.