Мәзір
Жаңалықтар

«Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша депутат болуға мүмкіндік бар»

«Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша депутат болуға мүмкіндік бар»

«Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиев Қазақстанда 1990 жылдан бастап азаматтық қоғам дамып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, бүгінде кез келген азамат саяси партия құрып, мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы депутат болуға мүмкіндік ала алады.

– Азаматтық қоғамның дамуына алғашқы серпін ретінде саяси партиялар мен жастар ұйымдарының құрылуын атап өтуге болады. Дегенмен, 2000 жылдардың ортасынан бастап елімізде партия құру қиынға соқты. Себебі жаңа партия тіркеу үшін 50 мың адамның қолын жинау талабы енгізілді. Қазіргі таңда бұл талап жеңілдеп, белсенді азаматтар 5 мың қол жинау арқылы саяси ұйым құра алады, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, бұған дейін Мәжіліс пен мәслихат депутаттары тек саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын. Алайда 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бірқатар саяси реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде: мәжілістің 30 пайызы, облыстық мәслихаттың 50 пайызы және аудандық мәслихаттың 100 пайызы мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайланады.

– Бұдан бөлек, ауыл, аудан және шағын қалалардың әкімдерін халық тікелей сайлау құқығына ие болды. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына оң әсер етеді. Яғни, әрбір азамат қоғамдық істерге белсене араласып, партия құрып, саясатпен айналыса алады. Мұндай мүмкіндіктер жастардың да қоғамдық мәселелерге немқұрайлы қарамай, белсенді болуына жол ашады, – дейді Талғат Қалиев.