Жуалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков ауданның медициналық жағдайы жақсарып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, былтыр Жуалы ауданында бес медициналық нысан пайдалануға берілген, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Нақтырақ айтсам, былтыр Қарабастау, Тасбастау, Талапты, Ынтымақ және Шынбұлақ ауылдарында денсаулық сақтау нысандары ашылып, қазір халыққа қызмет етіп жатыр. Мәселен, Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау елді мекенінде 25 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ал Тасбастау мен Ынтымақ ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Бұл фельдшерлік-акушерлік пункттер 15 келушіге арналған.
Сондай-ақ «Қуатты өңірлер» бағдарламасы аясында Талапты ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункттің салтанатты ашылуы өтті. Жобаның сметалық құны 180,6 миллион теңгені құраған бұл нысан Талапты ауылында тұратын 609 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Қуатты өңірлер» бағдарламасы аясында Шынбұлақ ауылында жаңа медициналық пункт ашылды. Жалпы құны 121,5 миллион теңгеге салынған бұл медициналық пункт 825 тұрғынға қызмет көрсетуге арналған.
Жаңа әлеуметтік нысандарда дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, егу, таңу бөлмелері бар, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер қарастырылған», – дейді ол.
Нұрбай Ергебековтің айтуынша, Жуалы ауданы Тараз қаласының іргесінде орналасқандықтан, ауданда дәрігер тапшылығы жоқ. Себебі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға жас мамандар жиі келеді.
«Жалпы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауданға 9 жас маман келіп, халыққа қызмет етіп жатыр. Мемлекеттік қолдау аясында жас мамандарға 100 АЕК көлемінде біржолғы төлемақы берілді. Сонымен қатар 2500 АЕК көлемінде тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Бұл шамамен 9 миллион теңгені құрайды», – деді орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары.